ШАЖАНЫҢ СУЫ
Арынды суға қадала қалшы шеттен кеп,
Сиқырмен суға айналып кеткен көктем боп.
Көктей боп сұйық ағады таудың өзені,
Тотияйын құйып тұрғандай біреу көкпеңбек.
Жүрісі шапшаң, ағыны қандай тез еді,
Ырғиды соғып, шіліктің ішін кезеді.
Байқаусыз түскен аттың да қара тезегі,
Шошаңдай қарғып, ит қуған аңдай безеді.
Сумақтай зарлап, көмекейіне зіл үн кеп,
Ұлардай шулап, барысша зілді гүрілдеп,
Қаһарлы өзен жаман мінезін сездірсе,
Қалтырап шетен, қайың да тұрар дірілдеп.
Иірім қылмай, бөгесіндерге алданбай,
Шашырап суы, жағаның шөбі малмандай.
Шашасын малған, бақайын сұққан жығылар,
Шайтан кеп суға шалп етіп, қырда қалғандай.
Жеткенде тауға, жіберіп жырдың кісенін,
Жағада жатып, Шажаның суын ішемін.
Көгілдір бояу сіңді ме екен қаныма,
Көкпеңбек болып кеткен жоқ па екен ішегім?
Мінезі шатақ, көгілдір бірақ ажары,
Табаны мөлдір тастардың жайма базары.
Шажаның суын жыққысы келсе бір жақта ел,
Ол орды келіп өзі де қоса қазады.
Шажаның суын мақтайды келіп бар дана,
Салдырлап жүріп кетсе де ұқсап арбаға.
Ор қазса біреу оңтайлы жерден түсет те,
Оны да сосын айналдырады арнаға.