ҚАЛАЛАР МЕН БАТЫРЛАР
«Самарқанда ымыраттар тым ғажап,
Көкке өрлейді мұнаралар іргелі,
Талай жаудың мойнын бұрған бұл қазақ,
Мұнараның мойнын соза білмеді.
Ерде тудық, құранды ерден әрі өстік,
Ат дегенде қалмайды түк әкемде ес.
Біздің елде жаяу жүру әбестік,
Есек мінсең, ол да әбиір әпермес.
Салтанаты, сәні қандай қаланың,
Өз көзіммен көрмей мұны біліп пе ем?
Кірпіш өріп, қалай қала саламын,
Ойнақтаған тұлпар мініп тұрып мен?!» –
Асу асып, талай жолмен шаң басқан,
Ақ шаһарға тап болғанда бай нағыз,
Бір қас батыр, бұтын соққан алдаспан,
Осылайша қиналыпты дейді аңыз.
Басқа батыр Герат барып, Шам барып,
Тар көшенің қысымында бір ай боп,
Үзеңгісін дуал қақса шамданып,
Ер үстінде уайымдапты былай деп:
«Бір жас батыр Шам қызына үйленіп,
Ұрын барып, сарайларды көп көрсе,
Бір шеберден кірпіш өру үйреніп,
Қала салар күш-қайраты жеткенше.
Осы өнерге ғұмыр арнап ер есіл,
Қалдырмас-ау көкпар тартар алаң да.
Бір жас батыр қала сапты дегесін,
Қалған қазақ қарап қана қалар ма?»
Сол пәлеге жасап қарсы дайындық,
Өледі деп қаладан қыз әкелген,
Мал жияр жер тарылар деп уайым ғып,
Қыз алуға тыйым сапты жат елден.
Ал бір батыр нөкер ерткен жанына,
Шаһарларда байқап елдің көп ісін,
Самарқанның тәнті болып бағына,
Әбден қатты бағалапты жемісін.
Қатты өзіне аударғанда назарын,
Аса мақтап әшекейлі нәштерін,
Гур-Әмірдің көкке өрлеген мазарын
Нұсқап тұрып, кідіртіпті әскерін.