ТВОРЧЕСТВО ҮЙІ – 87.ТАМЫЗ
І
Қазақы бақтан аспанға қарадым анық,
Қылаңнан ада тек қана бараны қалып,
Алауыздық пен Хо Үрлік түбіне жеткен,
Маңғыттардай ала бұлт барады маңып...
Қарағай тулы тау айтты: «Алысқа қара,
Жел айдаған қаңбақпен жарысқан ана
Жақындарыңды жанастыр, тірліктің мәні,
Ұлылық көзі бірлік пен намыста ғана.
Қос ғасыр оқып, түсініп болдық па мұны?
Қараулыққа төзбейтін, қорлыққа бірі –
Ақынның жоғын жоқтаған
жоқтығын Оның,
Өрдегі көсем, қайыңды ел сондықтан ұлы».
ІІ
Қала да демеп жарытпай, дала да демеп,
Қайтқан-ды. Ол кеше бере алмай дана да көмек...
Кемедей екен келісті мына бір отау,
Мұқағали ағама керек.
Жолықтың, інім. Бұл кеште торықтым, ұғын,
Жалғыздық сезіп, жабырқап молықты мұңым.
Матростардай маңмаңгер ақынсыз қалып,
Кемедей отау баржадай болып тұр бүгін.
Көңілі көбең, көтермес сіркесі суды,
Кісікиіктей күнсізден іркесің сырды.
Кеудесі қаптай жазғыштың ниеті жаман,
Жазбаханасы етікші күркесі сынды.
Жұрт түгел, оның құлындай құлағы кесік,
Адырайған қордікі мына бір есік.
Машайықтарша қызылкөз пәледен қашқан,
Көрші боп қалған...көш жерге тынады көшіп.
«Залал да менде, ендеше, заман да менде,» –
Деп келген кеще үңгірлік адамнан кем бе?
«Жаман айғыр – тайға қас»,
Қит етсе бір жас,
Табанда көрге тықпақшы, жамандап елге.
Ақындар кеткен заман ба, өлеңші келіп,
Осынша сұп-сұр боламыз неден шіреніп?..
Қадамын санап басқандар қай жерден шыққан,
Біз, қазақ, ақын халықпыз демеуші ме едік?!
Арамды да адам деп адастым бір уақ,
Ей, өлең, маған досыңнан қарастыр қымбат.
Сопымсып отыр, молдамсып мына бір сұр бет,
Шамасы келсе, Алатауды да монастырь қылмақ.
Түспейтін шығар адамның сорлысы көктен,
Неліктен қырттар болады өр, пысық, өктем?..
Келер де кетер талай жас, Мұқағали да,
Қорғансыз сәби ақынның соңғысы деп пе ең?!
Ақындар кеткен заман ба, өлеңші келіп,
Осынша сұп-сұр боламыз неден шіреніп?..
Қадамын жұрттың баққандар қай жерден шыққан,
Біз, қазақ, ақын халықпыз демеуші ме едік?!
Қуат боп, күш боп даритын жыр-әні қанға,
Суда да бар ғой, дарынның сұрауы бар ма?
...Өлді деп тұлпар, қай кезде өкірді есек?
Қайтты деп қыран, қай кезде жылады қарға?
P.S.
Қайтты деп қыран, ешқашан жыламас қарға,
Қарғалар ие сондықтан мына ағаштарға.