Қыздар
(Әзіл-шыны аралас)
Қыз дегенде,
Шығардай шыбын жаның,
Жүрмесіңе қоймайтын қырындамай.
Көрген сайын біріңді әзілдеуге,
Тілім қышып тұрады, мұным қалай?!
Қара шашы қап-қара түнім еді,
(Түнді іздеп, бозбала жүгіреді)
Түннен іздеп тыныштық таба алмай,
Боз баланың жүрегі бүлінеді.
Таңғы шықтай,
Мөп-мөлдір жанар қандай?!
Өн бойыңа бір сезім тарағандай.
Көз сүрінер қарасаң,
Қос анары,
Вулканы бар сөнбеген,
Жанартаудай.
Үндемейді ойыңды сезіп жүріп,
Жанарымен бәрін де сезіндіріп.
Үйретеді осылай мықтылықты,
Көрсетеді осылай төзімділік.
Көңіліңе жүретін көк тіретіп,
Өміріңді жүретін көктем етіп.
Әзілдесек жігіттер шектен өтіп,
Алмайықшы қыздарды өкпелетіп!
***
Естілмей кетті таныс үн,
Деп жаным текке күсінбе?!
Беймезгіл кезіп бақ ішін,
Мені ойлап...
Жалғыз жүрсің бе?!
Көгілдір келбет көтемде,
Қаптады гүлі қырдың да.
Қос аққу көріп көк көлдк,
Мені ойлап...
Жалғыз тұрдың ба?!
Бұлақтың аққан сылдыры,
Ұрланған сенің күлкің бе?!
Ойыңа ой сап қыр түні,
Мені ойлап...
Жалғыз жүрсің бе?!
...Ойлаған жақсы әманда,
Ойламау білем – ұмыту!
Күресіп жатқан санаңда,
Жалғыздық деген... –
Ұғысу!
***
Естілгендей,
Алыс жақтан ән тұнып,
Мен қараймын кірпігімді талдырып.
Жанарымды сен жүретін көшеге,
Іліп қойдым шам қылып.
Түнгі ұйқыны ала таңға ұрлатып,
Көз шықтарын Күн нұрына құрғатып.
Жүрегімнің жырға толы дүрсілін,
Тек өзіме тыңдатып!
Әнім менің жаңылғандай сазынан,
Мезгілінің қысы көптей жазынан...
Өлеңімді тек өзіме оқимын,
Саған арнап жазылған.
Әзіл ме еді,
Сенің үшін жай мұным,
Сені ойламай өтіп еді қай күнім.
Су алуға лақтырылған шелектей,
Тастадың ғой құдығына қайғының!