06.06.2022
101
Өмірдің ол да өрнегі
Өзгеше күйді шертіп ем,
Өзімше мен де сүйіппін.
Сұлулық құрған көркімен,
Лағы еді киіктің.
Екпіні бөлек ағыстан,
Құлаштап керіп аспанын.
Қиялым келіп жарысқан,
Армандар алған бастауын.
Көргенде қалам болып таң,
Басқандай сұлу пернені.
Тар жолда тайғақ жолыққан,
Өмірдің ол да өрнегі.
Соңында жүріп елестің,
Адасып кетсем сол қайғы.
Жынды деп,
Жынды емеспін,
Сау деуге тағы болмайды.
Күту мен үміт жалғасты,
Күй болды бұрын шертпеген.
Көктемнің гүлі алғашқы,
Жүрекке келіп көктеген!