06.06.2022
  229


Автор: Ислам Қосжан

Қыз құйған шай

Қыз құйған шай, бұдан тәтті не болады, білмедім
Қыз құйған шай, бұдан ащы не болады, білмедім.


Жұмекен.
І
Қырық қыз жайлы,
Оқыдым өлең,
От кештім,
Құман мен қыздың,
Әні бұл бөтен,
Тілектеспін.
Қыз құйған шайды,
Бәрібір ішем,
Бәрібір ішпей кетпеспін!
ІІ
Себеп тауып,
Келтіргесін ретін,
Шай ішуге қызды үйге кіресің.
Тәттісін-ай,
Қыз құйғанда,
Алғашқы,
Ерініңе тиетін.
Бөлек мәні,
Шай қадірін білесің,
Іштей сезіп,
Іштей ұғып жүресің,
Ыстығын-ай,
Қыз құйған да,
Алғашқы,
Ерінің де күйетін!
ІІІ
Кім десем...
Шайды құйған бұрқыратып,
Құманнан аққу мойын жыр құлатып.
Кесе тұр қыз ұсынған шайға толып,
Гүлдердей күрең қызыл бүршік атып.
Кесенің «қалың малдай» бек тұрысы,
Дүниенің ағыл – тегіл төрт бұрышы.
Ақ білек жеңнен шығып кесе ұсынса,
Қалғандай қынабы жоқ,
Тек қылышы.
Жайықтай дастарқанға жазылып ек,
Шайға деп, қыздың қосқан назы бөлек.
Бұл шайды еселеп бір ішу үшін,
Көңілге ақ мойынның сазы керек


ІV
Аяқталып бала күнгі ертегім,
Жігіттіктің іңкәр күйін шертемін.
Құман салған әнді тыңдап өскен ұл,
Тері ақты,
Қамшыдай боп төрт өрім.
Қыз құйған шай,
Білмей ішіп өлшемін,
Тамақты емес -
Жүрегімді өртедім.
Бір самаурын шайды ішіп тауысардай,
Ей, бойжеткен,
Кімің едім мен сенің?
Қыз құйған шай,
Шай тегін,
Қиял құсым қалықтайды ой көгін.
Шекер қосқан шайға шөлім қанбады,
Ей, бойжеткен,
Өзің енді айт емін.
Қыз құйған шай,
Әй, керім,
Ұрттап ішкен шыпылдайды қайқы ерін.
Кесе толы құйған шайды,
Бір Пері,
Ішіп кетсе қайтемін?!
V
Құман тұр отта,
Ән десең сазды бұл қандай?
Қызуы оттың бетіңді жұмсақ ұрғандай.
Жылылық біткен жүрекке келіп ұялап,
Қызылы шоқтың,
Бетінде қыздың тұрғандай.
Қаз-қатар адам,
Егілген тұтас ормандай,
Қалқыған Айды,
Ұстаған кесе қол қандай?!
Секерді алсаң,
Аспаннан жұлдыз жұлғандай,
«Қос алқа» күйі сырғаңдай!
Адамдар отыр,
Жағалай тізген қалқандай,
Кесе де мынау,
Үлкен де емес, ортанбай.


Қыз құйған шайды ұрттап-ақ іштім,
Десе де,
Бақыттың өзі кеседе тұнып қалғандай!
Ішіне үйдің,
Сәулесін шашқан нұр таңдай,
Шағылған көзге,
Моныңа таққан алқаңдай!
Мұрынның үсті,
Шым-шымдап қана терлейді,
Мойыны ұзын сор маңдай.
Кесе де мылқау,
Қыз сырын тұрған айта алмай,
Қимастық сезім,
Өтер ме енді байқалмай.
Кетер ме екем,
Отырған жұртты таң қылып,
Кесені қойсам қайтармай!





Пікір жазу