06.06.2022
  129


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жат елден жанын жалдап жер шегінен...

Жат елден жанын жалдап жер шегінен,
Заңғарға заржақ құстар келсе кілең.
Қонады қойны жылы жас тоғайға,
Жұпарды жұтып жасыл сеңсеңінен.
Топырлап тоғайларды танып енген,
Көктем де көшіп-қонды әбігермен.
Жер үсті, аспан асты қонақтары,
Жасыл тау жайлауыма тағы келген.
Жартастан сыздықтатқан құз асылы,
Жайлаудың жағасы шым сызашығы,
Сылқылдап күлуші еді: «Көк-көк», – деумен,
Жат бауыр жаман құстың ұзаса үні.
Соқпаққа жалғыз аяқ ере білген,
Бөкенше жас тоғайға желе кірген.
Сұйық жал сұлу атпен құс базары
қызығын барлай қарап келемін мен.
Заңғардың желі тыныш күнінде ашық,
Бастарын шайқағанда гүл ырғасып.
Жатты-ай бір екі торғай ен тоғайдың
ені жоқ бұтағы үшін шырылдасып.
Жайлаудың баяу ескен жылы лебі,
Ғажайып, ғажап одан шыңы, көгі.
Қыран жай қалықтайды, көлеңкесі
жерменен қой үркітіп жүгіреді.
Жас шырша, қырқа шөбі, қыраң гүлі,
Сан ғасыр сынай қарап тұрар мұны.
Қалмайды торғайдың да торғайлығы,
Ақиық қыранның да қырандығы.
Адамның жанған бірақ өте бағы,
Өзінше өзгеруге жетеді әлі.
Тоғайдың торғайындай ұсақтап та,
Қыранша ірі боп та кете алады.
Бір басқа барлық бақыт тиіп пе бір,
Бәрібір жер ғажайып сүйікті өңір.
Қашанда ұсақтықтан жоғары бол,
Көтеріл, биіктей түс, биік көңіл!





Пікір жазу