ҮШ ЖҰЛДЫЗ
Олар енді пысқырмайды өлімге,
Құлақ салмай төмендегі көп үнге.
Құрдас, мұңдас жұлдыздар тұр
Ажалсыз
Қара шашты қазақ сөзі көгінде.
Тау-төбе боп, құмға айналып тас кетпек,
Бірақ олар тұра берген жас боп тек.
Ең сұлуын ең момыны ардақтап,
Ең жайсаңы екеуін де әспеттеп.
Жерде жүрген, елде жүрген кезіндей,
Бір-бірінен ажырамай, безінбей.
Жұлдыздар тұр жерге қарап мейріммен,
Мәңгі жасар ер халықтың көзіндей:
«Бір халыққа бір қуаныш әкелмей,
Бір халыққа бір абырой әпермей»,
Ұл данышпан, қыз кемеңгер болмайды,
Бейімбеттей, Ілиястай, Сәкендей.
Намыссызға жүрек қайда, ми қайда,
Миы болса өз еліне қимай ма?
Ақша алғанмен ел жүрегін ала алмас,
Дарынсыздар суық, сұрсыз шимайға.
Қурай шіріп топырақ боп, гүл өнбек,
Жердегі өмір бір қиырға тірелмек.
Халық ұлын көме алмайды ешқашан,
Халық ұлын жұлдыз қылып жібермек.
Ойында жоқ елге керек жыр өрнек,
Қу, мүттаһам, күншіл, пасық, жүгермек,
Өзгелерге ор қазайын деп жүріп,
Өзін өзі көрге тығып жібермек.
Көрген қызық, азы не оның, көбі не,
Шыққаннан соң қазақ сөзі көгіне.
Нұрымызды төгіп тұрмыз барынша,
Дос төріне, кешегі қас көріне.
Қулар ойын жүгірткенмен сан-саққа,
Жүгірткенмен уһілеп те, шаршап та,
Мына көкке жеткізбейді машина,
Мына көкке жеткізбейді мансап та.
Көкке мәңгі болғың келсе бел бала,
Күш жоқ мұнда көтеретін Жерде ана –
Миллиондап саналатын теңге емес,
Миллиондап саналатын ел ғана.