06.06.2022
  103


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЕРТЕ ЖАЗ

Аспан мен желге құмартып,
Ала бас тоғай шуласа,
Майсасы биік гүл аңқып,
Мұхиты шөптің туласа,
Қанатын ұрып көдеге,
Құлаққа сыбдыр жеткенде,
Бытбылдық әнді бөдене,
Бидайға сүңгіп кеткенде,
Жеткізіп жерге аспан бал,
Желіні бұлттың игенде,
Сәйгүлік аттай асқарлар,
Сар жасыл доға кигенде,
Өркеші нардай кезеңді,
Бүргенде бұлттар бүркітше,
Мұраптар асау өзенді,
Арпаға қарай үркітсе,
Шуындық қаптап қырларға,
Шымшықтар талға бұққанда,
Шопанның аты шыңдарға,
Шешенше билеп шыққанда.
Балықшы шабақ сүзбеген,
Балдырлы судан Айды іле,
Шилі өзен жақта қызбенен,
Шүрегей түссе бәйгіге.
Жанымды нұрға бөлеген,
Жазымды оймен тербетіп,
Қияға қарай жөнелем,
Қиялдың атын терлетіп.
Қол бұлғап көктен шынары,
Қос тыныс беріп гүлдері.
Биікке жалпы шығады,
Қазақтар жазғы күндері.





Пікір жазу