06.06.2022
  110


Автор: Жұматай Жақыпбаев

БҰРШАҚ

Бейнелеп құсты, батырды, қойды, айғырды,
Бұзды да бәрін суреткер бұлтым қайғырды.
Тозығы жеткен құрымдай жүні ыдырап,
Амеба құсап көбею үшін айрылды.
Ыдырап жүріп арасын бұлтым ашқанда,
Көгілдір судай көрініп жүрді аспан да.
Сегіз аяқтай біріне-бірі ұмтылып,
Тарамдап келіп қайтадан тоқайласқанда.
Күрілдеп барып шарт ете қалды бұлт іші,
Селк етті жартас, бұзылды таудың түр-түсі.
Арумен бірге соқпақпен қашты үй жаққа,
Ақ шелек толы өзеннің соңғы күлкісі.
Сай ішін кеулеп, суылдап самал өткенде,
Қап-қара бояу жүгіре шықты көк белге,
Таңқылдап қазан, даңғырлап сыртта шелектер,
Таянды тықыр тігінен тұрған шөптерге.
Ит тұрмас болды, иттің де жасыл төсегі,
Жалп етіп жалын, ошақ та енді өшеді.
Бүрсеңдеп күрең мамағашты екі айналып,
Құйрығын жымып, пәлеге сауыр төседі.





Пікір жазу