06.06.2022
  136


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЖҰМЫС

Қол соғар тамшылаған терге дәуір,
Жеңіл іс атқармаймын мен де, бауыр.
Домбыра, қалам жеңіл зат болғанмен,
Ақынның әлімсақтан еңбегі ауыр.
Бесіктен қиыр шолған алыс қарап,
Бол мейлі іштен туған данышпан-ақ.
Еңбексіз екі қадам жылжымайсың,
Өмірде іскер ғана қарыштамақ.
Ішіне майдай жағып бұрынғы леп,
Оқып та, жаттап та алған жырымды көп.
Оқушым, кінә қойма «ақынымыз
Бұ жолы прозаға ұрынды» деп.
Солай, дос, қарап алсаң бір бетті шын,
Етік тік, иә сурет сал түрлеп түсін.
Еңбексіз олақтан да аса алмайсың,
Күні-түн еңбектенсең, құрметтісің,
Әнші де қауышатын даусы алыспен,
Ісмер де босамайтын саусағы істен
Еңбектің арқасында жұрттан озып,
Елінің сабасынан кәусар ішкен.





Пікір жазу