06.06.2022
  120


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МЕНІҢ АУЫЛЫМ

Алсын қаулап, сайдағы су суынан,
Аспан басқан алаулаған шырағын.
Бақша- бауда торғайлардың шуынан,
Бас мәңгіріп, бітеді қос құлағың.
Күнбағарлар ерте айырылды басынан,
Қына тықыр күнгейдегі қыр гүлі.
Түн жамылып кебу пішен тасыған
Ұйықтатпайды арбалардың зіркілі.
Апорт алма ұялғаннан қызарды,
Төгіліп те жатыр жерге тәтті бақ,
Тентектер жүр шөпке келген бұзауды,
Таспен емес, алмаменен атқылап.
Бұл ауылды көрсең, кірер түсіңе,
Мәрт табиғат төккен барлық жасылын,
Көгілдір бақ, көк тоғайлар ішіне,
Аппақ үйлер салынғандай жасырын.
Жан-жағына зәулім терек қадалған,
Жапырағы сыр шертетін бір терең,
Біздің үйдің шатырын да ағарған,
Жасыл шашпен бір топ шынар бүркеген.
Жасыл желек судырлайды жібектей,
Жел ісі ме, өздері ме мазасыз,
Қонаққа да төбеңізден күн өтпей,
Жасыл туннель ішіменен барасыз.
Менің ауылым секілді бір күшті өлең,
Танысқанның қалмай да жүр тіпті есі,
Жөбішенді бір картаға түспеген
Жер шарының ең ғажайып нүктесі.
Басқа жастап жатыр заңғар тауды да,
Көк те бұдан аямайды жаңбырын,
Қазақтардың ең сүйікті ауылына,
Айналсам- ау деген де ойы бар мұның.
Сыр шерткенде жазды күні құраққа,
Дастандарды тудырғанда үнемі,
Ауылым менің жетсін деймін мұратқа,
Қабыл болсын деймін барлық тілеуі.





Пікір жазу