ТАБЫНШЫ
Төбеден күн қыздырса тандырдайын леппен,
Талған кезде ат үсті қалғыр дәйім бұл еппен.
Жеке меншік атымен жеке бағып жүреді,
Мал бір қайғы ол үшін, мал бір уайым жүдеткен.
Құбылаға кетсе аспан жай дөңгелеп шырағы,
Торламаның тілімі – Ай да өрмелеп шығады.
Ақшаңдаудан жазбады ақшам келіп жеткенше,
Аптапқа да шыдады, сәйгелге де шыдады.
Қайтсін жота шөбінің биыл бәрі қуарса,
Бұйырмайды өрістің бұйырғаны сұралса,
Бұрқылдайды әйелдер, бұл тыңдайды мақұлдап,
Құнажыны қысыр қап, сиырлары суалса.
Пысық пұлдан бір іспен өтегенсіп құтылар,
Дау-дамайға бармайды, кетеді өршіп, тұтылар.
Желіндері жер сызса алғыс айтар кім бұған,
Жеке меншік сиырдың жеке меншік сүті бар.
Қыстай күткен жұмысын жаз өткенде тастайды,
Саяқ жүрсе сайда ылғи мәз еткен бе бас қайғы.
Фототілші келмейді, «жеке тұршы», –демейді,
Журналға да жазбайда, газетке де баспайды.
Жолым түсіп жетсе егер халайыққа сөз бүгін,
Табайық та амалын, табайық та мезгілін,
Саяқ жүрген адамға ауылы үшін, ел үшін
Салайық та назарды, салайық та көз қырын.