06.06.2022
  113


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МАМЫРДАҒЫ ОЙ

Сұлулыққа жерік пенде,
Жасыл бақтан көріп келді,
Алма ағаш пен өріктер де,
Ақ гүлдермен көбіктенді.
Қарап қойып көктегі айға,
Айтады ғой тізіп бәрін,
Қараторғай көк тоғайға,
Үнді елінің қызықтарын.
Тауда гүлдің көрмесі де,
Құмартқан соң қыза теріп,
Қойды ма екен бөлмесіне,
Шуындықты қыз әкеліп.
Шуындықты көргім келді,
Көргім келді дала нұрын,
Қолыма алсам сол гүлдерді,
Түседі еске балалығым.
Сол бір шақты айтайық көп,
Еске түссе күліп берсем,
Көкке шығып қайтайық деп,
Құрбыларды үгіттесең.
Ортасында көп құрбының,
Асығушы ек жырақ қалмай,
Ар жағында Екпіндінің,
Жұрт көрмеген жұмақ бардай.
Қанбайтұғын сөзге шөлім,
Түрі бөлек, назы керім,
Онда мұнан өзгеше едім,
Онда мұнан нәзік едім!
Қайта оралтты дала гүлді,
Гүлдер жапты төбелерді,
Қасиетті бала күнгі
Қайта оралту керек енді.
Келетұғын көк тірегім,
Шынарша озып терегіңнен,
Онда мұнан өткір едім,
Онда мұнан өр едім мен.
Ой кешсем де мұншама күн,
Емтиханнан бекер құлап,
Табиғаттың бір сабағын
Оқымаған екем бірақ.
Оқырмын мен өзге әлібін,
Ал, мынаны ұғу бөлек,
Адам жаны өз мамырын
Қайта оралтып тұру керек.





Пікір жазу