06.06.2022
  121


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АРМАН СӨРЕСІ

Сауыққой жұрттың тұрағы,
Сарноқай деген тауың да.
Ай сайын той боп тұрады,
Аспандап кеткен ауылда.
Күн төгер нұрын шашуға,
Көркінен жазбай бастапқы.
Той қылған жастар жасында,
Жемеген болса қаспақты.
Қу бас та тойға барады,
Қутыңдап шыққан қарт, әне.
Жүйрігі бәйге шабады,
Жігіті көкпар тартады.
Жеткізер жүйткіп ақ табан,
Жылтырап тері сауырда.
Ақ киіз үйлер қаптаған,
Ақ көңіл тойлы ауылға.
Айтысып жолай бұлтпенен,
Асулар асып ақ қарлы
Қаптайды тойға жұрт деген,
Қалмақша байлап аттарды.
Келіп те болса ел алқалы,
Кермеде тұрса күліктер,
Салт атпен табақ тартады,
Сәйгүлік мінген жігіттер.
Сусаған жандар қызынып,
Бусанған кезде ерлер де,
Сан марқа басы мүжіліп,
Сарала қымыз келгенде,
Сан аңыз жұртқа тыңдатқан,
Сарқылған бірақ шыдамы,
Алдымен жайлы сырмақтан
Ақсақал қарттар тұрады.
Өзгеше келбет, сеспен де,
Өміршең биік тілеуі,
Қарттар кеп атын шешкенде,
Қалған ел атқа мінеді.
Бір ұрып бұтқа шолақты,
Бишікеш бірі сөйлейді:
– Орақты бар ма, Орақты,
Бастасын, – дейді, – тойды енді.
Сақтасын еске естіген,
Сақалсыз қазір даңқы бар.
Сарноқай таудың ескіден,
Сақталған қызық салты бар.
Бар ма әлде жоқ па атағы,
Бар болсын бірақ руы,
Орақты деген атаның,
Бастайды тойды бір ұлы.
Бастасын тойдың бұл көшін,
Бір ұрып бұтқа жорғаны.
Өлеңді білсін, білмесін,
Орақты болса – болғаны.
Толықсып өткен мың неше,
Тойларда бұдан көлемді.
Домбыра тарта білмесе,
Оқтаумен айтсын өлеңді.
Қайтпайды тойдан құры ауыз,
Қазақ па мұны сезбеген.
Білмесе жел сөз бір ауыз,
Бастасын қара сөзбенен.
Бұл салттың жөнін білмеген,
Толғанып тойлар хақында,
Атама айтқам бірде мен:
– Бастатқан жөн, – деп, – ақынға.
– Түйсігім бар, – деп, – әй, балам,
Тентек боп бүйтсең өтерсің,
Жүзіңді көрген айнадан,
Басыңды көрер ме екенсің.
Орақты батыр өтті, ұлым,
Отау да таппай тігерге.
Өзіңдей мына боқ мұрын
Көбейсін деп те бұл елде.
Атамыз солай тұра кеп,
Бүліне тарқап құмардан,
Атадан қалған мұра боп,
Аңыздың шетін шығарған.
Асылдан жинап жігітті,
Қазақтың жыртып жыртысын,
Ой-қырда басын тігіпті,
Орақты батыр жұрты үшін.
Болдыртып күнде қос атын,
Бұрылмай қызға назы артық,
Жайлауын жаудан босатып,
Қыстауын қастан тазартып.
Кірсем деп бұрын көрге елден,
Болсын деп жыр да, мал да аман,
Еліне күшін бергенмен,
Ала жіп жұрттан алмаған.
Жүйрігін мініп жылқының,
Жүзіктен жебе өткізіп,
Төмендеп кеткен жұртының,
Төбесін көкке жеткізіп.
Шауып ап шың мен қолатты,
Шекара таппай тоқтауға,
Шығандап шыққан Орақты,
Шығарған жұртын көк тауға.
Жеткенде жұрты арманға,
Жайнаған шақта малды бел,
Жантайып батыр қалғанда,
Жаяулап келген алдына ел:
– Жауынгер туған жалғызым,
Жұртыңды мына кейітпе.
Әперейік пе хан қызын,
Балдызын әперейік пе?!
Елім деп соқты жүрегің,
Ежелден бір сын жеткелі.
Батыр-ау, қандай тілегің,
Бар еді бізден? – депті елі.
Қазына малдан не түрлі,
Қыздан да сыны артық бір
Бойлауық жылқы секілді,
Бой бермей басын тартыпты.
Бас қасып батыр ойланса,
Бағыпты сөзін жұрты оның:
– Осынау тауда той болса,
Бастасын, – депті, – ұрпағым.
Ардақтап ердің жүрегін,
Алаудай көкке көтерер.
Орақты батыр тілегін,
Орындап келеді екен ел.
Құлаққа сол сөз жеткен-ді,
Қарт сөзін еске мың алдым.
Шығарғым келді көкке елді,
Биікке келді шығарғым.
Кінәм да емес бұл менің,
Кірген де жоқпын ұрысқа.
Қарыма қалқан ілмедім,
Ұстаған жоқпын қылыш та.
Өтті жаз, өтті қыс та сан,
Өрекпіп жаным күлікше.
Егер де қалам ұстасам,
Ұстағым келді жігітше.
Дірілдеп жап-жас жүрегім,
Сәттерде жалғыз егілген.
Өлеңде менің ұлы елім,
Биіктей түссін дедім мен.
Шапса егер атша жүрегім,
Сүресің ғұмыр сол ерше.
Ұлы елім: – Қандай тілегің,
Бар, ұлым, енді?! – дегенше.





Пікір жазу