06.06.2022
  141


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МУЗЫКА

Корольден құтылды орман, құтылды аң да,
Орнады қоңыр өмір бүкіл маңға.
Ақырын көкжиекке алқызыл күн,
Жұмыртқа сарысынша жұтылғанда.
Делбеші лакей басып намысына,
Күймені ұшырды аттар жан ұшыра.
Тағадан тастақ көше шаңқылдады,
Көкбетше тіл-жағынан шаңы шыға.
Король ма ауыр ойға жолай қоймақ?!
Саясат істеріне оңай бойлап.
Қарайды готикалық соборларға,
Үйітіліп, буға піскен торайды ойлап.
Шұғынық гүл төркіні Үшінші бөлім 99
Өзі айтса, сүйкімі де бар еліне,
Ол өлсе боздардай-ақ бәрі егіле.
(Табақша тартылған ғой «данышпандық»
Даңқты Пруссия короліне).
Фанфардың қыжыңдатпай есер үнін,
Ығында болат найза нөсерінің
Қарайды король сонау халифаша,
Сығалап күйме ішінен көше өмірін.
Лайық ол да мынау заманға әдет:
Кезбе өңшең музыканттар алаңға кеп,
Күй шалып, би билеуде...король іштей,
Сұрланды бейбас мұнша адамға көп.
Көрсеткен оркестрге кеше де өнер,
Қошемет жасағанда көшедегі ел;
«Көбейту керек, – деді ол, – музыканы,
Тек құлдар өсіремін десең егер».
Жұмсамақ бір мақсатқа есін кісі,
Король боп толғанда әбден кесірге іші,
Ол мынау өз елінен «құлдар» емес,
Келген-ді «билеушілер» өсіргісі.
Жанына скрипка сазы ұнаған,
Табатын ғашығының назынан ән.
Жазықсыз жау деп кімді өлтіре алсын,
Өзі де музыкадай нәзік адам?!
«Пруссак! Тумайды әсте ондай батыр!»
Кірісті іске король қалмай қапыл –
(Алтындап тәжді қалай қондырсаң да,
Ақымақ басқа ешқашан қонбайды ақыл).
Есіңде, ей, адамзат, мұны ұстап қал!
Қанша рет алды штабтар ұрыста ақпар;
Жерленді қаншама рет музыкасыз,
Жерлеген музыканы пруссактар...
Ашуы аз, одан көрі мұңға бейім,
Туар деп сенді Шуберт ұл да кейін.
Үстем боп келгендей-тін король сөзі,
Фашистер шегінетін жылға дейін.
Көзі – жас, көкірекке толы шері,
Жазды онда қаһарлы әнін орыс елі,
Бұл соғыс музыканы сүйген елдің,
Музыка сүйместермен соғысы еді.
Тапталса қарға талай шиебөрі...
Әлемді таңдандырған жиі өнері.
Біз жақта соғысты ұлы данышпандар


Ең нәзік сезімдердің иелері.
Жосадай қанға батып текке жері,
Солдаттар толған кезде кекке өзегі,
«Алғалап!» шабуылдап, жүріп жатты,
Шуберт пен Гитлердің жекпе-жегі.
Парижден майлап алған көн етігін,
Ел алмай, алсын аңдар неге тыным?!
Пруссия королі ұға алмапты,
Давидтің Голиафты жеңетінін.
...Құрбының құр жіберсін сөзін мейлі,
Жүретін думан-тойдың өзінде ойлы
Менің де ақылымның билеушісі,
Шубертті бір тыңдамай көз ілмейді.
Алға озып маңдайынан иегі елі,
Жақ таяп, сәл мұңайып киелі өңі,
Шубертті тыңдағанда жаны елжіреп,
Сыртынан мен де елжіреп сүйем оны.
Табиғи тазалық бар көркінде шын,
Елжіреп, билей алмай еркімді есім,
Сүйемін сол бір қызды білгендіктен,
Жанымның шыбынын да өлтірмесін.
Соңында айша жайнар даңқы қалып,
Жанының жұлдыздан да артығы анық.
...Аймалап отырамын, біреу оның,
Шубертін қоятындай тартып алып.





Пікір жазу