
ОЛЕСЬЕДЕГІ БОГДАН ХМЕЛЬНИЦКИЙДІҢ ҚАМАЛЫ
Келеміз аламанша жорықтағы,
Қамалдың тас дуалды жолы ықтағы –
Қаланған қара, жылтыр, домалақ тас
Жүгері дәндерінше собықтағы.
Маңына кімдер бізді жолатпасын,
Қалдырып сол қалпында болат, тасын.
Жамырап қамалды алдық
алдын ала
Шампаннан екі-үш дүркін оқ атқасын.
Имейтін сәжде, икона, пұтқа басын,
Ақындар тапқандай мәз мықты ағасын.
Отырмыз иемденіп әсем елдің,
Жаужүрек гетманының құтханасын.
О, Муза! Алар емес о да тыным.
Жарқылда сапыдайын болат үнім!
Әлемде шаңырақтың жаманы жоқ,
Ішінде жыр оқуға болатұғын.
Жатқанда ел шалқып-тасып, шулап-ойнап,
Кеттім мен кеткендей боп суға бойлап, –
Санаған сан қамалды заманында
Нояндар Сыба, Сартақ туралы ойлап.
Кем емес патшалар да даңқы Алладан,
Алдында қояндардай жалтаңдаған
Нояндар сын көтермес сарайлардың,
Талайын тас ошақша талқандаған.
Басында дулығадай мұнара бар,
Сүйсініп көрген пенде тұра қалар.
Қаһарлы нояндардың өзіне де,
Оллаһи, ұнар еді мына қамал.
Суреттей көк сағымға көлбей ілген,
Қамалды неге жырлап бермейін мен.
Жоғары ол Эмпайр
стейд Билдингтен,
Жоғары ол сұрықсыздық деңгейінен.
Желдігі желпілдейтін самал ессе,
Және ашық таң ертеңнен қара кешке.
Киізден мұнарасы заңғардағы,
Атамның түсті бүгін қамалы еске!
Төбесі тиіп Айдың орағына,
Бақылап қотанды да, қораны да,
Тұрады ол сараңдықтың деңгейі мен
жамандық деңгейінен жоғарыда.
Сонымен тұрады ғой күшейіп қыр,
Тойының дәл үстінен түсейік кіл.
Жақсылық қамалдары үшін енді,
Гетманның сусынынан ішейік бір.