06.06.2022
  142


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ШҰҒЫНЫҚ ГҮЛ ТӨРКІНІ

I
Шұғынық гүл төркіні – шыршалы тау, шың іші –
Көкшіл мұнар құйылған көркемдіктің ыдысы.
Текенің де мекені болған дейді ел, өтпейтін
Маңдайында қос бірдей қорғаныстың қылышы.
Келте кекіл, кішкентай, кері аты бар бір ақын,
Қараиректен тізгігінін Сарноқайға бұратын.
Шора батыр тұғылы – Қалмаққорым тұсында,
Шулы қазан, айғайшыл сиырлы ауыл тұратын.
Бірде вирус түмені табындарға тап беріп,
Аусыл болды сиырлар аузы-басы ақ көбік.
Шаңырақтай мүйізі шалғын сүзіп, теңкиіп,
Швед нәсіл, үнділік «әулиелер» жатты өліп.
Амал-айла таппады андастың да бар шалы,
Шайқалатын болды енді біраз ердің мансабы.
Карантин де жасалды, шаралар да басқадай,
Акт жазып, спиртшіл малдәрігер шаршады.
Аспан ашық. Жайқалған «ауқау» үшін гүл, міне...
Тыңдамады күндізді, тыңдамады түнді де.
Бақташының бақанын көңілге алған секілді,
Кетіп жатты сиырлар кеткендей боп Үндіге.
Алашапқын бастықтың басылмады солығы,
Аудан-ауыл арасын ақ шаң қылды жорығы.
Тоқтамады сол індет тоқтады кеп сол кезде,
Темірғали ақынның қызыл-жасыл шоғыры.
Сарноқайдың қазағы саусылдады, жиылды,
Сабалардан күпілдек сары қымыз құйылды.
Сусындары қанғасын, сақал сипап болғасын,
Сары тісті, ақ қасты сұңғылалар қиылды.
Сағанақтан соққан жел ызыңдатып өпкен-ді,
Ешкі сойып, епті қол жуан ызған ішектерді.
Төрде отырған Темекең – мыңсайрамы адамның,
Төбе бише сөйлетіп ішектерді кеткен-ді.
Балпық бабаң тұсында болып өткен шыңдағы,
Айқастарды жырлады, таң атқанша тынбады.
Таң атқанша ел тыңдады, аусылдан да қыңбады,
Таң атқанда ұйықтап, тал түсте де тұрмады.
Орнады бір тыныштық індет келген тау-шыңға,
Ие бар ма сөзінде, кие бар ма даусында?!
Темірғали шоғыры аттанған соң ілгері,
Тыйылды ауыл озаны, бәсеңдеді аусыл да.
Аңызға да күлмеймін, аңғалға да күлмеймін,
Ауылдағы атамның барлығымен бірдеймін.
Аусылынан айықты айыр тұяқ, қос мүйіз,
Әнінен бе, білмеймін?! Дәріден бе , білмеймін?!
Екі езуі құлақта, екіндіге күн кетті,
Сауыншылар қайтадан орамалын гүлдетті.
...Қалай болсын, әйтеуір, қасиетті өлең-жыр,
Індетуге, жоюға індетті де міндетті.
Кең далаға суымен көркемдігін жайған шың,
Ақ тілеуі бұрқылдап аңыз шығар қайнарсың.
Алты ауылды қазақтың ақыны кеп қалса егер,
Құрмет табар белдеуге құдіреті байлансын.
II
Көшпенді жұртты көресі тағдыр ер етті,
Көзсіз ер қашан көр-жердің бәрін елепті?!
Күндердің күні қағанның түркі нояны,
Күн Шығыс жақты қырына алса керек-ті.
Жорыққа малын, соғысқа барын ап кірген,
Тұқымы бөлек тұяғы құйма ат мінген.
Көктей де басып өтіпті Ұлы Қорғаннан,
Таусылмас түмен... бір білсе санын хақ білген.
Атадан туа аруақтан ғана именген,
Жағасы жайлау шар болат сауыт кигеннен.
Ашылмас қақпа, алынбас қамал көрмеген,
Құзырына қаптаған түмен тигеннен.
Жалайыр Мұқа* жауларын шауып алғанда,
Тебініп атын теңізге дейін барғанда,
Шұғынық гүлдің төркіні, сені сағынып,
Өзіңе жетпей өтіпті дейді арманда.
Арша өртей қалсаң жұпары шалып әуені,
Аюы қаққан жабайы, қалың мәуені,
Бетіне пенде келмеген бектің
Қан толы,
Көзінен жасын парлатқан мына тау еді!
Суы мен нуы-ай, сұлудан бетер әсері,
Осында ғана ит-құсыңыздың да әсемі,
Ала қаппенен атанға алтын қомдатқан,
Мұқаға керек мына бір тарғыл тас еді!
Ноянмын мен де, шыбынға да жоқ зияным,
Қаршыға құстай, қаршадай ғана сияғым.
Шұғынық гүлдің төркіні, бірақ сенікі,
Қаруым барлық: арманым, ойым, қиялым!
III
Сараңға малын алдырған,
Сөзбенен құртып сүрегін,
Шөлде де шөлін қандырған,
Жыңғылға тартқан ұл едім.
Озбырлар алса бетімнен,
Жымию болды мұратым.
Ол кезде шырша секілді ем,
Қыста да көктеп тұратын.
Мойныма оны алайын,
Монтия күлген бір маған .
Шыбықтай қыздың талайын,
Құлмақша орап, шырмағам.
Бокста көзін ісіріп,
Қойғанда достың не түрлі,
Бетіне бастым қысылып,
Жапырақ қылып бетімді.
Қалмадым қарыз-құрызға,
Қыздырып тойын досымның.
Кезімде шыққан «қымызға»,
Күшәла болып қосылдым.
Қататын кезде әзерге үн,
Қаладан келіп айына.
Қаймақтай аппақ әжемнің,
Қалампыр болдым шайына.
Ай төккен сүттей жарықта,
Аулақтау кетіп топырдан,
Жылтырап аққан арықта,
Жалбызың құсап отырғам.
Құнардан өссе жер түгі,
Құлпырмай қалмас тау көгі.
Шұғынық гүлдің төркіні,
Шөбіңмін сенің сәулелі.
IV
Сіркіреп жауын, секпіл беттеніп жол үсті,
Үйтастардағы қуысқа құстар қонысты.
Жапырақтарға көшпелі гауһар іркілді,
Шұғынық гүлдер алқызыл рюмка болысты.
Шала мас шалғын. Сұлады өлең шөп тағы,
Беймәлім оған өмірде мынау жоқ -бары.
Ақ жардың жүзі жылаған диірменшідей боп,
Ағызды Қусақ шатқалда ойран-ботқаны.
Құй, аспан, тағы құйғандай досым шишаны ап,
Шұғынық гүлге – шекесі қызыл, ши сағақ,
Көйлегінің толқыны тоғыз вал ару,
Көзімен кеше білдірді нәзік ишарат.
Сарноқай жақта сімірдім қымыз мен кеше,
Құдайша бастап, қызыққа құлап пендеше.
Қараңғы түнде қауышқан қыздың бедері,
Саусаққа , шіркін, тиеді-ау соңғы пернеше.
Түнгі әннің соңы болар деп қалай, именбей,
Басыма менің туса да келіп күй нендей,
«Алдияр» – дермін асқақ та сұлу қызыңа,
Шұғынық гүлдің төркіні, сені сүйгендей.





Пікір жазу