06.06.2022
  133


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТҮНГІ АҢЫЗ

Мен естігем: күлкісі де, мұңы да
Елге мәлім – жұлдыздардай жыры көп –
Бақтыбайдың домбырасы жылына,
Үн шығарып тұрады деп бір рет;
Ілінгенмен мәңгі тұрар орнына,
Ішін кернеп баратқандай жүз ырғақ.
Өз иесін жоқтағандай домбыра,
Өз-өзінен тұрады деп ызыңдап.
Қаралы үйдің мылқау, зарлы келіні,
Секілденіп, сөйлете алмай тілін көп,
Ол кеткен түн қос ішекті серігі,
Өксігендей болады екен уілдеп.
Шанағынан мөлдір бұлақ орғыған,
Ою, нәшпен көмкерілген жиегі –
Мен кеткенде жоқтар ма екен домбырам?
Ол да сондай болар ма екен киелі?





Пікір жазу