06.06.2022
  90


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ДОСҚА СЫР

Шетендер сыбдырлы үн барда,
Тұратын бір ашық мұңды ән сап.
Есіңде болар-ау шыңдарда,
Рауғаш, қымыздық жұлған шақ.
Сол шақта ішімнен төктім ән,
Соңыра жүретін жолды ұғып.
Тоқым сап біз мінген көк құнан,
Қалатын аздан соң болдырып.
Мизам кеп, ойындар қанбады,
Қуратып алса да гүлін күз.
Сонда да жабайы алманы,
Қағушы ек аюдан бұрын біз.
Жан досым, қадірін аз ұқтық,
Туған жер – киелі гүлді аймақ.
Сол мені жасымнан нәзік қып,
Өлеңге кетіпті ыңғайлап.
Көп естіп сол жерде күйді өрден,
Кеудеме күнде бір өлең кеп,
Қозыны көгендеп үйренген


Кеттім мен сөздерді көгендеп.
Күте тұр. Күн өтер өрлеумен,
Бұл күндер бақытын берген көп.
Дүние талайды көргенмен,
Жаңа бір жыршысын көрген жоқ,
Көрмесе, бір күні көреді!





Пікір жазу