БАМБУК
1
Алыстан лайнерлермен самғап ұшып,
Жазының келбетіне таң қалысып,
Әуеден түстіңдер ме, Алатауда
жатқанда жүзім, жиде, алма пісіп?
Сендерді, бөтен елдің жақсы ұлдары,
Жасыл ну, жайылма өзен жатсынбады.
Бұралып арулар да алдарыңнан,
Шықты ғой гүл шоқтарын тапсырғалы.
Қауышып соны шабыт, бұла күшпен,
Шайырлар, жеттіңдер ме қуанышпен?
Гиндзада, Каир жақта жыр шалқытып,
Ява деп шалқып-тасып туак ішкен?!
Ғұмырды падишадан кем сүрмейтін,
Бомбейдің келістірген сенсің кейпін.
Келдің бе, синг ақын, жүзі қоңыр,
Магараджа байлығын менсінбейтін?!
Халықпен ұлы тойды бірге көрген,
Шайырлар нұрлы жүзін күнге берген,
Жолаушы шықтыңдар ма, босанып бір,
Құшақтан, қызметтен, түрмелерден?!
Жуықтау тұрушы еңдер қатерге елі,
Қадірлі туыстарым жат елдегі –
Қап-қара континенттің Сәбиттері,
Сап-сары континенттің Сәкендері.
2
Адамзат тарағанмен түрлі атадан,
Шайыр ғой барлық елге қымбат адам.
Жоңғарда жырларыңды қазақшалап,
Газетке облыстық күнде апарам.
Қашықтап жүрегіме жайлы қырдан,
Джунгли ойларға ма, қайда ұрынғам?
* Туак – Индонезия ішімдігі.
Жаным бір күйзелді ғой өздеріңнің,
Жырларың жайып салған қайғы-мұңнан.
Құрлықта білімі олқы, ажары кем,
Айтулы ақын болу жаза білем?!
Жүрегім шаншиды ғой көл көрмеген,
Ақынның филиппиндік азабымен.
Қай күні түзелер деп ғұмырға алаң,
Ұсынды үшінші әлем жырын маған:
Джонкалар, лашықтардан аш-жалаңаш,
Сәбидің бет-бейнесін шырылдаған.
3
Сыртынан бақыт тілер бөтен елге –
Мінезге қасиеттер жете ме өңге?!
Ойыма оралады жасыл бамбук,
Сіздердің саулық үшін көтерерде.
Орман боп өссе бамбук жол бойлаған,
О, онда ашықпайды, тоңбайды адам.
Бір күнде найза бойы көкке өрлейтін,
Өскелең өсімдік те болмайды одан.
Солқылдақ діңі ғажап, сесі көркем,
Ойласаң өспесін деп есіл өркен,
Тұқымын бүгін көм де, үстіне жат,
Шығады денеңді ол тесіп ертең.
Адамды шошытатын қабақ, сұры,
Жанынан айырарда ғажап сірі.
Бамбуктың дәні егілген топыраққа,
Тастаған байлап-матап қарақшыны.
Бар ғасыр естір, көрер, елер мұңын,
Шайырдың жерде қалмас көне ерлігін.
О, сіздер өркенсіздер күнді аңсаған,
Шығарар жаназасын кедергінің.