06.06.2022
  123


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АҒА БЕЙНЕСІ

Шаруам жоқ өңмен де, түспен де,
Өмірге келмеген бала екем,
Белград маңында түскенде,
Суретке қадірлі ағакем.
Окопта жау үшін қазылған,
Түндегі сәл ғана жарықпен,
Сыртында сөздер бар жазылған,
Асығыс, латынша әріппен.
Өшіре жаздаған күн мүлде,
Сөздерге үңілем кейде осы:
«Белград. Капитан бұл күнде,
Мақажан Жақыпбай кенжесі».
Бір мін жоқ түрі мен түсінде,
Эренбург сөздерін растап,
Сержант, солдаттар ішінде,
Ағакем ортада тұр асқақ.
Суретте жаумай тұр қорғасын,
Дегенмен, қауіп көп оларға.
Фотоға түсіп ол болғасын,
Қайта енген ажалды боранға.
Рейхстаг бетіне бір белгі,
Қалдырып қашаудан ерінбей,
Берлинге ол жеңіспен кірген-ді,
Қазақтың жігіті өрімдей.
Қоя сап бір майдан нүктесін,
Поезға мініп ап ақ таңнан,
Рейхтің шаруасы біткесін,
Шығысқа, Жапонға аттанған.
Ауылға аман-сау келгенмен,
Бейбіт те күндері демалмай,
Қайтқан-ды ол, жауларды жеңгенмен,
Жарақат зардабын жеңе алмай.
Сымбатты, бойы тік, нұр өңді,
Ғашық-ақ болатын талай қыз.
Әкеміз екеуміз, міне, енді,
Ағакем суретін қараймыз.
Бір мін жоқ түрі мен түсінде,
Эренбург сөздерін растап.
Сержант, солдаттар ішінде,
Ағакем ортада тұр асқақ.





Пікір жазу