06.06.2022
  217


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл...

Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл,
Мамырда қаптатады қыр мұны кіл...
Балалық...бұлдырайды гүл ішінен,
Тұрғандай теріс ұстап дүрбіні бір.
Жайқалса көрінбейді төбең гүлден,
Жоғалған гүл ішінде өлеңмін мен.
Аты емес, өзі ғана көрінеді,
Алыстан ағаңның да дөнен мінген.
Шыршаға жетсем дейтін шөбі ышқынып,
Шалғыны керегедей жон үсті құт.
Көбелек қуамын да...ұшып түсем,
Жалаңаш башпайымнан жоңышқа іліп.
Біледі көріп өссе кім де нарқын,
Көгісте көркі бөлек бүлде бар-тын.
Бүлденің бетіндегі алқадай-ау,
Сары бас жоңышқаның гүлдері алтын.
Зорықсаң күні бойғы жүгірістен,
Иіскеші, қалампырдың гүлі күшті ем.
Жатамын өзім де мас, ара да мас,
Сары бас жоңышқадан шырын ішкен.
Таусылған мыңсайрамның әні қашан,
Көзімді гүл ішінен тағы да ашам.
...Сонау бір гүл исінен, нұр исінен,
Ақ кемік бота көңіл әлі масаң.
Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл,
Мамырда қаптатады қыр мұны кіл.
Балалық...бұлдырайды гүл ішінен,
Тұрғандай теріс ұстап дүрбіні бір.





Пікір жазу