ШАЛА БАЛА
Ілеспесін сезеді көшке өлеңі,
Құм беттеніп, күн көрмей өскен өңі, –
Шала өлеңші болады – шала сыншы,
Шала емеске сол шала өш келеді.
Мүттаһам-ау, пысық-ау қилы іске ұсақ,
Шаһқар жырдың өзіне минусты сап,
Былай ғана: (көрері лай ғана)
Қолқа, өкпесіз, кірге әуес вирус құсап.
Арай емес ол үшін арай-дағы,
Қарайтуға арайды жарай ма әлі?!
Жарайтындай қарайса тас жүрегі,
(Жүрегі жоқ, қате айтам, қан айдары.)
«Міней ғойға» – «Ләббай» – кетеді ерсіп,
Іштей мәз боп, парызын өтегенсіп.
Бір өлең жоқ өзінде ел білетін,
Бір теңеу жоқ өзінде жеке меншік.
Құптай қалса қылығын сүйер ері,
Бала ақынға бүйідей тиер еді.
Қозыларды тамақтап ауызданбақ,
Қой терісін таба алса шиебөрі.
Бітіре алмас бастаса айында «жыр»,
Құрай да алмас құрдасқа қайырма әзіл.
«Жалғыз көздік – бақ» деген цитат көрсе ол,
Ағызуға қос көзін дайын қазір.
Бала болар деді ғой басқа реңі...
Жеркенетін жиырылып жастар елі.
Шала өлеңші туарын сезбеді ғой,
Мамасы аборт жасатып тастар еді.
Жас басымен сөзге үйір қысыр, кексе,
Жоқ беделін ант етіп түсірмеске.
...Шала өлеңші, бар болғыр, шала сыншы,
Шауып алғын мені енді күшің жетсе.