06.06.2022
  130


Автор: Жұматай Жақыпбаев

БОЗТОРҒАЙҒА ОДА

Көкте өзі, жерді кезген қиялы кіл,
Көмейден туындысын құяды бұл –
Жадырап жаңбырдан соң сала берсе,
Жусанды, жуалы да миялы қыр.
Тоғытқан тоқсан тоғыз тараулы үнін,
Іш тартқан дала әншісі жарау бүгін.
Қанатын қимылдатпай құйқылжитын,
Бұлбұлмен бәсекесі бар-ау мұның.
Жақындар...алыстығын кім ұғынар?
Олардың екі бөлек ғұмырын ал:
Биіктен сайрау керек, бұлбұл құстың
Тоғайда тоқсан түрлі тұғыры бар.
Бозторғай жазирада тосылмай көп,
Астынан сүйемей-ақ еш ырғай көк,
Сайрайды көкте тұрып өз күшімен,
Оның да тұрған тұсы осындай деп.
Тік шығып түу биікке жырадан көк,
Мың түрлі тақырыбы бір-ақ ән боп,
Сайрайды ол, бейнетті де қоса атқарып,
«Мен көкте сүйеусіз де тұра алам», – деп.
Көрініп тұрғанымен көзге ана шың,
Оны ешкім осы арадан қозғамасын.
Орманды ойша жасап, дәріптейді ол
Қанаты талғанынша боз даласын.
Талайсыз тағдырына күрсінбелік,
Апыр-ай, ашылмаған бұл сыр не қып?!
...Бұлбұлың мықты болса, бірер сағат,
Бозторғай орынына тұрсын көріп.





Пікір жазу