06.06.2022
  158


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КЕЛ, БАУЫРЫМ!

Алатаудан келдің бе: «Көр, – деп, – мені!»
Әуе, жерді ырыңмен тербеткелі?
Көкетайдың асына жетпесе де,
Той жасайын, кәнеки, төрлет бері.
Қазақ салты ұнамас қай туғанға,
Қонағына әндетпей қайту бар ма?!
Қызығыңа қарайын кешкітұрым,
Қылышындай Манастың ай туғанда.
Алатауды атамыз еншіледі,
Жұт келсе де екі елге тең сын еді.
Мәулен басты шыңдардың ұшарындай,
Ақ қалпақты бауырым, келші бері.
Сені көріп, кірпігін күн қақты әне,
Жамбылдың да өзіңсің сымбатты әні.
Саяқбай қарт санамен сақтап қалған,
Миллион жол «Манастан» тыңдат, кәне.
Сағынышпен ашайын саған құшақ,
Менше өпсін жүзіңді самал бұ сәт.
Қомызыңды естиін мейірленіп,
Көңілі бос, күй десе, ағаң құсап.
Мұзбалаққа – ұқсайтын шың құсына,
Оған тәнті мұндағы тұрғысы да.
Барлық құрлық ақыры басын иді,
Монғол емес, қырғыздың Шыңғысына.
Таңдайына татитын түбінде елдің,
Менің жырым қырғызға білінген күн,
Алтын дәннен ашытқан бозаңды ішіп,
Темір пештің отындай дүрілдермін.





Пікір жазу