
РУЛАР
Өткенге өкінемін оны ұққалы,
Бір жерге тоғыспаған толық бәрі.
Ұраны, тұрағы бар өз алдына,
Рулар – көшпенді елдің полктары.
Құрымдай суға тиіп күнде іріген,
Кесіскен ат құйрығын бір-бірімен.
Шабысып сайға бола, тайға бола,
Құйқаны шымырлатқан қырғынымен.
Қырқысып, жетпейтіндей жарық ғалам,
Полктар азған, тозған, арықтаған.
Алты арыс алауыз боп ақырында,
Үш жүзің үш майдан боп жарытпаған.
Жаулығы жазираға жоғалмаған,
Алыстан қалмақ, шүршіт соны аңдаған.
Алты арыс алауыз боп ақырында,
Үш хандық бір мемлекет бола алмаған.
Халқымның қателігі түзелсе өткен,
Салмағын сахараға жүз өлшеткен.
Қазақтың бар тайпасын өз қолыммен,
Даңқтың кітабына тізем шеттен.
Қарулы қолын байтақ гүлді іргенің,
(Бірлікке, ынтымаққа ділгірде елім!)
Білемін, заманында бітпейтұғын,
«Біз күшті!», «Жоқ, біз күшті!» бүлдіргенін.
Шығарған әр ғасырда даңқын да ерек,
Қоямын мен олардың нарқын бөлек.
Рулар – көшпенді елдің полктары,
Ал маған «полкым» емес, халқым керек.