06.06.2022
  122


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МЕНІҢ ТӨЛЕҢГІТТЕРІМ

Қазақта бар ғой төр деген,
Несіне мәнсап таңдаймын.
Өмірге келіп көрмеген,
Ниеті жақсы хандаймын.
Қиялға кетсем бір қалың,
Қаратпай жерге түк мені.
Тыңдайды мені жырларым –
Жанымның төлеңгіттері.
Кермиық сұлу жүз барда,
Бермеппін бұйрық, әттең, көп.
Асқақ та сұлу қыздарға
Абырой-атақ ап кел деп.
Су кешіп, тауды айналған,
Келеді қолым жер біліп.
Жылқы ұрлап емес, жайлаудан,
Шопанды көңілдендіріп.
Зекетті қойып ескірген,
Зерделі өңшең батырым,
Ештеме алмай ешкімнен,
Береді барлық ақылын.
Шекара жақтан енді ме,
Шерігім менің тұра алмай, –
Ең күшті деген елді де
Алады бір оқ шығармай.
«Жаулаушы» деп те бұл маған,
Тақпасын айып бір дұшпан.
Есугей емес, үлгі алам
Айтматұлы Шыңғыстан.
Апарса тарту салтта әйгі,
Достарға түріп білекті,
Жауының басын тартпайды,
Тартады мына жүректі.
Сан ғасыр сынап көр мейлі,
Өмірден өзім кеткенде.
Оқтан да олар өлмейді,
Өлмейді ешбір дерттен де.
Тек қана бақыт шапағын,
Тек қана достық аңсаған.
Қолымның сонау қатарын,
Көбейту үшін жан салам.
Ұлы істер ғана істейтін,
Қалдырам саған, мықты елім,
Ешқашан аттан түспейтін,
Жанымның төлеңгіттерін.
Батырлық атпен жасты, елім,
Ерліктер жасап сан түрлі.
Көңілді менің әскерім,
Көбейтсе болды даңқыңды!





Пікір жазу