ОЙСАЗДА
1
Алакөлең аршалы таудың қабағы,
Аспанмен жөңкіп сұр бауыр аппақ жабағы,
Бұйра шыңдардың бетімен қара көлеңке
Сорғышқа құйған сияша жылжып барады.
Жарыса көкпен жабағы жөңкіп не түрлі,
Жердегі жарық жердегі нұрды кетірді.
Көлеңке түскен көркем беткейлер алыстан,
Қара түр басқан көкжасыл киіз секілді.
Жарау атпенен жақыннан қусаң жетпейсің,
Көлеңке зулап, қарайып әні кетті ой, шың.
Күн түсіп тұрған жер ғана алтын алаңдай,
Жарықты аңсап, жаурасаң солай беттейсің.
Қабағым менің – аршалы таудың қабағы,
Наланың бұлты бір соқпай қалай қалады.
Азайып кетпей, ашылар деймін қайтадан
Күн түсіп тұрған басымның алтын алаңы.
2
Жез тастар жатқан желегі қалың көк белге,
Екі үйір жылқы еміне сүңгіп кеткенде,
Балқаштан бері жолаушы шыққан кеме- бұлт,
Трюмін ашып, төбеден бұршақ төккенде.
Сулығым киіп, белдеуде тұрған қара атпен,
Желе шоқытып, тайғанақ жасыл қабақпен
Автоклубты іздеп ауылыңа келіп тұрғанда,
Жүзіңді бұрып, «жігіт-ау» деп бір қарап па ең?!
Жүздеген тұлпар жұлқына төмен шапқанда,
Тұяғын аттың табанда тастар қаққанда,
Қара аттың мойны астына келе жығылып,
Сонда да болса көкпарды бермей жатқанда,
Шылбырын ұстап қара аттың жұлқа үріккен,
Домалап тұрып, додада жаяу жүріп мен,
Көзбенен сені іздеген кезде қас керіп,
Қабақта тұрып көзіңе мені іліп пе ең?!
Ат емес, енді автоны тіреп белдеуге,
Жілігім толып, жігіт боп, жын боп өр кеуде,
Ат жетер жерден ақ көңіл нөкер жиып ап,
Аулыңа сенің алшаңдай басып келгенде,
Қас кере күліп, қырындай бұрып бетіңді,
Қиылып тұрсың қылықпен әсем не түрлі.
Кеш көрдің мені. Өлетін науқас сауығып
кеткенде келген кесірлі тәуіп секілді.
3
Құзардың ерні – ұяның ұшар жиегі,
Қыранға тамақ қисынсыз жерден тиеді.
Қызылдар еді қидасын кәрі жіліктің,
Ал қызыл еттен де ада боп шықты сүйегі.
Ешкімнің мұнда естілмек емес ентігі,
Етегі қорым еңлікті құздың ең тігі
Ер жүрек құстың ұясы еді, етекте
Ат көпір сүйек – арқар мен елік жемтігі.
Бала құс таңнан талтаңдай басып тұрғалы,
Төсеніш бүріп, тасқа да батып тырнағы,
Төбеден қарап төменде жүзген ақ бұлтқа,
Шарасы мұнар шатқалдың шуын тыңдады.
Күлімдеп шығып, қыздырып батар отты күн,
Шыжғырып жатса шыршалы шыңның шоқтығын,
Қылтылдап мойны, күн бойы көріп байқады,
Қыранға қазір қыдыртар жердің жоқтығын.
Күн батқан кезде құбылаға сіңіп асыл нұр,
Қара көк мамық қанатқа тықты басын бұл.
Оралмай әке, ораза ашпай талайдан,
Қанатын қағып, құса ғып бітті тас үңгір.
Ақиық жетім, аңқыған шақта қыр гүлі,
Шыдамы бітіп, шер буған кезде бір күні,
Саңғырық тамбас сар тастан құйрық көтеріп,
Сабамай қанат, санасыз төмен ырғыды.
Қуыстан шығып төбесін таспен бүркеген,
Құлдырай құлап, шыңырауға кетті бір терең.
Құзардың жүзі аспанға қоңыр суша ақты,
Қанатын жазбай құлаған шақта бұл төмен.
Шоқыдан сонау шоқиып шыққан шынарға,
Тоқтамай келіп, топшысын, байғұс, ұрарда.
Қалбаңдап жүріп, қанатын тездеп қаққыштап,
Қаттырақ ағып, айналды тастан қыранға.
Қанаты мұны, қаттырақ қақса – қолдады,
Ақиық жолы әуемен тартты ол-дағы.
Тауықша қыран талтаңдар ма еді, кім білсін,
Туғалы басқа жүретін жолы болмады.
4
Айлағы бұлттың Арқадан бері асығар,
Баурайы – арша, балағы – пішен, басы – қар.
Бейқам даланың биіктеп кеткен жалғасы –
Мәуелі таудың міні жоқ жұрттан жасырар.
Қалқа боп тұрған қалбасы сонау қалаға,
Фон болған таулар фон болып қана қала ма?!
Жазира жолы тауларға қарай тартады,
Таулардан бұлақ егіліп, жылап далаға.
Жығылып үйлер, шешіліп желі, көген де,
Маусымда құмға масаның бұлты шөгерде,
Бабамыз көшкен жаны үшін жазда биікке,
Бабамыз көшкен малы үшін күзде төменге.
Биікте бәрі – бүгінім және көнем де,
Өмір де, ой да, намыс та, күй де, өлең де.
Жаным бар мені шығарар шырқау биікке,
Малым жоқ бірақ түсірер мені төменге.