КӨКТЕМГЕ ХАТ
1
Сеңсеңі жасыл, көрпеші гүлді беткей, шың,
Көп болды көлбеп көзімнен бір сәт кетпейсің.
Көкекке мініп, италақазды жетекке ап,
Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.
Қарайған шақта қар жабу жапқан құба бел,
Тоң болып жатқан топырақтардан тұра көр.
Көктемім менің, жеті қат жердің астынан
Ит жуа болып, бәйшешек болып шыға кел!
Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,
Отарын көкке жаятын болсың ертең ел.
Темірден қашып тентіреп кеткен цыгандай,
Қаңғып та кеткен құстардың бәрін ерте кел.
Мамырың келіп, мамыражай күн орнасын,
Көбелек боп кетсін еңсемді басқан қорғасын.
Бәйімбет атам бақшасына жетіп мыңсайрам,
Бақытты жерде бәйіт пен дастан толғасын.
Жараған кезде жарысар тұлпар іздеген,
Жирен атыма ат күші бітсін жүздеген.
Ақ таңда тұрып аттанып тауға кетейін,
Қасыңнан сенің қалмаймын дейтін қызбенен.
Көп күтіп сені, көз сүзе берем далаға,
Ұқсап та жүрмін әпкесін күткен балаға.
Көктемім менің, көкекке мініп жеткейсің,
Мен дейтін болсаң календарьға да қарама.
2
Жасылдан желек жамылтып талға қыз мүсін,
Түлетіп бәрін, түгендеп берген түз құсын.
Көктемім менің, мейірімділермен мақсаттас,
Елжірей сүйген елімдей менің ізгісің.
Қаршадай кезден қайралып біткен бар қырым,
Өткір де болсам, өте ме саған жарлығым?!
Құлаққа құйып, жадыңа, жаным, тоқып ал,
Өзіңе айтар өтінішімнің барлығын.
Мамырың келсе, маңырап қозы жарысқан,
Майсалы белден құс екеш құс та сақ ұшқан.
Жер аяғы кеңіген күні жалпақ ел,
Шапқыншы тосып, шабуыл күткен алыстан.
«Еркек тоқты құрбандық» дейтін шақтарда,
Дауылпаз тартып, қарауыл дабыл қаққанда,
Алты арыс елден шашақты найза оздырып,
Алдымен солар аруақтап жауға шапқан да.
Қырылған елден қауласа ұлдар алсындай,
Түтігіп түрі, тұлпары қатып қаншырдай,
Қол бастауын қоймаған ерлер солар ғой,
Қан тұмсық жебе қадалып жатса шаншудай.
Даладан тауға көшіріп барлық ұрысты,
Даңққа бөлеп алдаспан ауыр қылышты,
Қанқұйлы жаудан босатқан ерлер солар ғой,
Ақжайықтан Алтайға жетер ұлысты.
Көктемім менің, бүгінгі түрім қалай деп, –
Қызыл тәжденсе қылтиып шыққан талай көк,
Қабанбай менен Бөгенбай батыр басына,
Мен қоймай жүрген бір құшақ гүлді қадай кет.