06.06.2022
  117


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жүйрік ем, шынайы едім...

Жүйрік ем, шынайы едім,
Тасытты күшім мені.
Сен болсаң құдайы едің,
Қыздардың ішіндегі.
Тағдырға күліп өстік,
Торын ол жая қашты.
Көрместен бұрын естіп,
Кезіктік аяқ асты.
Ойласам алабұртам,
Еске кеп нала түрлі.
Бұл менен сәл-ақ үлкен
Қасыңда бала тұрды.
Көзінен құрбыңды ұғып,
Бала қыз, бала Ләйлә,
Қас керіп, тұрдың күліп,
Сен сонда анадайда.
Күледі қу жаңағы, –
Серігің гүл бақтағы.
Ішімді у жалады,
Көзіме мұң қаптады.
Түйіп ап қабағымды,
Кеттім сан белесті өтіп.
Қауіпті жанарыңды
Көзіме елестетіп.
Жанымды көктеп өтті,
Ем болар назың кәні?!
Талай жаз, көктем өтті,
Сол өкпе жазылмады...





Пікір жазу