06.06.2022
  117


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Әуен қуған ессіз бе едім, есті ме ем...

Әуен қуған ессіз бе едім, есті ме ем,
Құлағымды ән сөзіне кеш тігем,
«Сағыныштан сарғайдым», – деп жылаған,
Бала кезде бір мұңды әуез естіп ем.
Жоқ болатын сонау мұңды әнде айып,
Соны тыңдап қалатұғын жан байып.
Қараушы едім сары адамға көз алмай,
«Кеткен-ау» деп сағыныштан сарғайып.
Кейде аяп, кейде ішімнен күліп мен,
Күйеуі жоқ, күлмейтін бір жігітке, –
Қараушы едім мұғалима апайдың
Сарғалдақтай жүзіне де күдікпен.
Осындай бір қызық қалды ол күннен,
Әуен қалды жүрегімде ел білген.
Он жетімде сені көрдім, көрдім де,
Көрмей сені тұра алмайтын болдым мен.
Сені көрсе, көңіл алып-ұшады,
Кеңейеді дүниенің құшағы.
Керік қасты, ақ жүзіңде ойнайтын,
Тіл жеткісіз асқақтықтың нышаны.
Қалдың есте сол бір нұрлы қалпыңмен,
«Ләйлә» деген бала кезгі даңқыңмен.
Қарайтынмын алаулаған жүзіңе,
Қара көзің сөйлесе асқақ жарқылмен.
Ғашық бағы ғажайыптан жана ма,
Нұрлы сезім құйылған сәт санама,
Ләйләсі бар дүниеден ажырап,
Қалдым бір күн Ләйләсі жоқ қалада.
Содан бері әлемдегі бар қайғы,
Шарпып өтті біздің сорлы маңдайды.
...Сағыныштан өлең жаздым қаншама,
Қағаз екеш қағаз да одан сарғайды.





Пікір жазу