06.06.2022
  143


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Ұстамды ұлыға тән қылығыңды-ай...

Ұстамды ұлыға тән қылығыңды-ай,
Оқырсың ұнатпасаң мұны қыңбай.
Арусың, түсін, құсым, мүсіндісің,
Арда емген ахалтеке құлынындай.
Жатақтың шамы жаңа танығандай,
Фотоңа жарқырады жаны қалмай.
Көздерің үлкейіпті, арықтапсың,
Жағыңа бұйда пышақ жанығандай.
Әлпетін жүрек жаспен жуса егер де,
Кінә жоқ күнәһар боп туса өлеңге.
Көзіме көрсеткенсің көріктіңді,
Көңіліме сен деп жанған су себерге.
Содан соң ес жимағам мен бір апта,
Талайсыз жетпейді деп ер мұратқа.
Жүрегің көрінетін аузыңды ашсаң,
Жоқ екем жүрегіңде мен бірақ та.
Кеткен-ді, кетіп қалған шыныңда ырқым,
Білмеймін айыға ма мұңым бір күн.
Құй әкеп Мұзды мұхит суын түгел,
Көңілім сонда ғана суыр мүмкін.





Пікір жазу