Көк түлкіше бұлғаңдаған көйлегі...
Көк түлкіше бұлғаңдаған көйлегі,
Ұлы оқиға – бір тіл қатып сөйлеуі.
Керік қас қыз, құм сағат бел, кермиық...
Анау бақтан көруші едім кейде оны.
Жас күйшілер жабыла іздер көп мұңды
Еңсеме күн екі нар қып шөктірді.
Көк көз такси апарды да вокзалға,
Вокзал оған: «Жолың болсын», – деп күлді.
Ғайып болды бір керік қас киелі,
Бақыт, баққа басынан сол ие еді.
Талдықала қаңырады, қаңырап
Қалды үйлердің темір-бетон сүйегі.
Анау бақтан көруші едім кейде оны...
Көкей күнде көксейтұғын бейнені.
Сағынғанда, Луврдайын жап-жарық
Жадым, жаным, күңгірт үнмен сөйледі.
Ресторандар шимпанзелі бау сынды,
Естіртпейді өзіңе өз даусыңды.
Алқа-салқа, түтік емген қыздарға,
«Тфулеуден» түкірігім таусылды.
Мұзша ерітіп мидағы ойдың көлемін,
Тарқап кетті түмен-түмен өлеңім.
Кеше Енесай тастарына жазылған,
Шежіредей жымиысқа толы едім.
Бай шаһардан шыға келіп бір кедей,
Жүрген жерім күңгірттенді түрмедей.
Өрлігімді селебеше сындырды ел,
Меңіреуше кете бердім үндемей.
Бағым бастан: «Ей, меңіреу», – деп көшті,
Шекем іші құла түзбен шектесті.
Бейшорамын, кеше ғана Шора едім,
Бақытсыз жан болмайды екен текті, есті...
Ессіз-түссіз...Кездерімде көп мұңым,
Андағайлап шартарапқа кетті үнім.
...Қанша ғажап азап шектім: «Ләйлә», – деп,
Менен артық бақытты адам жоқ, Күнім...