06.06.2022
  143


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Бақыт шығар бір ғажайып ол-дағы...

Бақыт шығар бір ғажайып ол-дағы,
Басқа қонып, түспеген бір қолға әлі;
Надан өсіп – адам болып кеткелі,
Адам өсіп – композитор болғалы.
Бақыт шығар күтіп жүрген тек мені,
Маған жетіп, мені тербеп кеткені.
Мына адамзат естімеген, білмеген,
Тас құралдан ракетаға жеткелі.
Бар еді онда сәулелі азап, есті мұң,
Ондай әсер бере алмайды ешбір үн.
Бұл тіршілік жаралғалы тірі жан
Естімеген бір музыка естідім.
О, Құдай-ай! Қандай бақыт, қандай мұң –
Оны есіту!
Сейілді ғой бар қайғым.
Өмір кештім өң мен түстей бір халде,
Енді өлсе де арманы жоқ жандаймын.
Сол музыка ғажаптығын растап,
Менің барлық қабілетім гүл ашпақ:
Ешқашан да түспейтұғын нотаға,
Қайталай да алмайтұғын бір аспап.
Көкейімді көптен тескен бір арман,
Көз жасымды шыңыраудан шығарған.
Анда-санда даусыңды естіп тұрайын,
Өңшең алтын дыбыстардан құралған.





Пікір жазу