Бергенінен көргенім жоқ мен тарлық...
Бергенінен көргенім жоқ мен
тарлық,
Құдаға – қош,
Жаратпады кемтар ғып.
От пен судан,
аярлықтан мен көрген
Алып шықты ізгілікке іңкәрлық.
Иә, шүкір, елім аман, мен аман,
Елден ерек ұл болуды қаламан.
Басқаны қой, маған бер деп тек қана
Жалбарынып отырғам жоқ мен
Оған.
Берсе, берді.
Бермегенді сұрайтын
Мен емеспін сұм ақын не сұр ақын.
Көкірегі қарс айрылар мен емес,
Көрмеді деп билік қуған бір әкім.
Әкімің кім?
Менің өзім әкіммін.
Дүниеге долданып,
сан ақырдым.
Сандалғанға көрсете алмай сара жол,
Сансырадым,
сартап болдым,
аһ ұрдым.
Енді қайтем?
Енді нетем?
Не істеймін?
Тас төбемнен тұрып алды түспей
күн.
Сен не істесең, айналайын, өзің біл,
Мен бәрібір өзімдікін істеймін.
Көрге тығыл,
көкке самға,
ұш, мейлің,
Мен қаламын.
Мен тағымнан түспеймін.
Сен не істесең, айналайын, өзің біл,
Мен бәрібір өзімдікін істеймін.
Жегенімен жегідей боп іштей мұң,
Мен бәрібір бұдан артық піспеймін.
Сен не істесең, айналайын, өзің біл,
Мен бәрібір өзімдікін істеймін.