06.06.2022
  160


Автор: Әбжан Әбілтай

Жуаспен жолдас болдым...

Жуаспен жолдас болдым,
төрелермен,
«Ө» десем, көмейімнен өлең өрген...
Бұзық та болдым біраз болмағасын,
Әйтсе де бәрін менен көре берме.
Қалқам, сен бұл пақырды көп іздеме,
Табарсың түбі кітап-сөрелерден.
Жабықсаң, ішіңе үңіл, өзіңді ізде,
Көп қыртқа көпіршіген сене берме.
Мұратын жүзге балап, мыңға
арнаған
Бір ақын мына мендей керек елге.
Қолыңнан келмегенге – қауқарың
жоқ,
Айтарсың арыз ғылып мен өлерде.
Сол ғана жебеген де, демеген де,
Барымша адал болдым мен өлеңге.
Тұра тұр, бәрін айтып болғаным
жоқ,
Сөзімді, айналайын, бөле берме.
Қалқам-ай, мен шықпаспын сенен
өрге,
Қатамды қаузай берме, тере берме.
Өмірде мен болмасам, қайтер едің,
Адам боп жаралмасам мен егер де?!





Пікір жазу