06.06.2022
  139


Автор: Асқарбек Бектемісов

Сезім сырлары

Болғандықтан куаныштан қайғым басым,
Деп тілеймін адамдар еш қайғырмасын.
Жан жарасы жазылар күндер өте,
Тәңірім бастан бақты тайдырмасын.
* * *
Ізгілікке, жақсылыққа қуанады барша адам,
Қуаныштан көрмедім жан шаршаған.
Есігімді ашса келіп жақсы адам,
Құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алам.
* * *
Өксітсе де, жылатса да өткен жыл,
Жырға ғашық еткен жыл.
Сар төсекте көтерейін басымды,
Құйылғанда нөсерлетіп көктен жыр.
* * *
Сенің жаным, өзгеден жөнің бөлек,
Саған деген кеудемде көңіл бөлек.
Көтердің-ау қаймықпай нардың жүгін,
Дедің де – қиындықты жеңу керек.
* * *Сендей сұлу болсын деп өрт-өлеңім,
Талпынумен күндіз-түні тер төгемін.
Шабыт қысып шарықтап кеткенімде,
Өлеңіммен бірге лаулап, өртенемін.
* * *
Алақұйын заманда айырылған есінен,
Адамдардың бір-бірінен несі кем?!
Ақылдылар адаспас тар соқпақта,
Сен де қалма заман-керуен көшінен.
* * *
Айтайын көргенімді сұрағанға,
Сұрағасын айта алмай тұралам ба?!
Өмірден арман қуып өту керек,
Ол шіркін жеткізген бе сірә, адамға?!





Пікір жазу