торғай деп еңбек еттің, белді шешіп
Асқаржан! Сен көңілге баладайсың,
Сен 60-та дегенге қарамаймын.
Мен үшін көз алдымда құлындайсың,
Ақпейіл көңілді қалай алалаймын.
Әкеңіз, Наз-ағамыз, Бектемістен,
Назекең өтті өмірден кіл “желіспен”.
Құлындар қолы аузына жеткен кезде,
Кемпірін ертіп алып қайтты өрістен.
Тұлпар деп алсақ баба тұяғысың,
Қол кесер көл жағасы қияғысың.
Қасқадан төбел туар, – деуші едің,
Дөп басып айтқаныңды біледі ішім.
Еске ал жетпісінші жылдарды сен,
Дәм айдап Арқалыққа келдім де мен.
Жұмысым болды облыс көлемінде,
Іні ғып қабылдадым өзіме тең.
Арқалық алақанда, болды қолда,
Інілер жәуһар дәйім, көңілім толды-ә.
Мешітбай, Мәжит, Асқар, Азаматтар,
Ел сыйлар түстік білем даңғыл жолға.
Торғай деп еңбек еттің белді шешіп,
Қайықты бірге отырған бірдей естік.
Бір Алла көзден-тілден сақтасын деп,
Жүргенмін бауырларға сырттай өсіп.
Білімнің арқасында ашылды жол,
Сен басшы, соңда болды көп қалың қол.
Еңбегің елге сіңген жетіп жатыр,
Арқалық – гүл жайнаса – үлесің мол.
Жол тарттың тарлан шыққан шақтарыңда,
Жетеді сен туралы ақпарым да.
Астана – өз қолыңмен тұрмағанмен,
Үлесті оған да мол топтадың да.
Қуатың көзге түсті алау шоқтай,
Онда да көрдік, ерттің қалың топты-ай.
Көңілі көлдей, қалқам, орны бөлек, -
Деп едім, – Ұлы дүрмекке қосылды ғой.
Елуден сәл асып ед сенің жасың,
Биіктен көрем деген ой болды басым.
Азғантай дімкәс билеп өн бойыңды,
Көз көрді табан асты тосылғаның.
Сүйеуің, асыл жарың – Майя дер ем,
Айтамын болғаннан соң ісі ерен.
Өзіңді мәпелеген жанын салып,
Көңілден орын тепті – баға берем.
Тәрбие қолдан келген беріп едім,
Ықылас дәммен бірге көріп едім.
Қос құлын нұрын төккен көз алдымда,
Өмірге құштарлықпен болсын сенім.
Аталап жүр қасыңда немереңіз,
Бұл осы басқа қонған бақыт деңіз.
Қаламсап түсіп кетсе алып берер,
Істері үлкендермен болар егіз.
Еңбек мол, ешуақытта жатпағансың,
Нәкеңнен қалған істі хаттағансың.
Өзіңдей болса шіркін келер ұрпақ,
Анаңның ақ сүтін сен ақтағансың.
Қайтейін дертке сені қимадым да,
Ойымды жасырмадым, тыймадым да.
Торғайлық маңайыңда жұлдыздар көп,
Сыйладың басыңды иіп, сыйлаттыңда.
Сонымен болсын құтты туған күнің,
Айналдың нұр жүзіңнен қаққан күлім.
Денсаулық сабасына түссін жаным,
Еңбекпен өтсін қалқам, күні-түнің!