06.06.2022
  121


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖАНЫ ШУАҚ ЖАН ЕКЕНСІЗ

Таттым аға, ащыны да тәттіні,
Енді оралмас балалықтың пәк күні.
Көре-көре көсем болар дегендей,
Көре-көре білдік жаман-жақсыны.
Тоймас көңіл таққа, баққа, сейілге,
Тояды екен ықылас пен пейілге.
Жағдай сұрап жан ашырлық білдірген,
Әлде сізді туған бауыр дейін бе?
Құлан сынды құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Өстім жалғыз ата-анамның бары боп.
Кейде тентек, кейде тіпті мұңлылау,
Көңіл күпті жүрем әрі-сәрі боп.
Аға іздедім ақ шалса да шашымды,
Жалғыздықтан ұрдым жарға басымды.
Ақ қанаты арманымның қайырылып,
Қауырсыны қара жерге шашылды.
Жұбандырған сәтіңіз де көп мені,
Іні етіңіз, негізіңіз текті еді.
Аға таптым дейін арқа тұтатын,
Ағасыз ем тағдырыма өкпелі.
Азды-көпті өзіңізді білгелі,
Тәтті ой тербеп, көзім кірпік ілмеді.
Жаны шуақ жан екенсіз Қал-аға,
Шуағыңыз шаттандырып жүр мені.





Пікір жазу