06.06.2022
  116


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТОЗБАСТАЙ КӨРМЕ ТОНЫҢДЫ

Тозбастай көрме тоныңды,
«Кім кесер» деме жолымды.
Тобаңнан Алла жаңылтса,
Білмейсің оң мен солыңды.
«Басылмас деме жалыным,
Қайтпайды деме қарымым».
Қонғанын адам білмейді,
Тайғанын білер бағының.
Тау менен тасты жел бұзар,
Арнасын құздың сел бұзар.
Қағынып туған қара бет,
Сөзімен қаңқу ел бұзар.
Қараңғы арты күн болар,
Күннің де арты түн болар.
Асқақтап бүгін жүргендер,
Кім білсін, ертең кім болар.
Тұлпар да тасқа сүрінер,
Сұңқар да торға ілінер.
Басына бұлт төнгенде,
Қараға хан да бүгілер.
Халықтан асқан дана жоқ,
Халықтан асқан пана жоқ.
«Мен, мен» деп, кеуде соғатын,
Сорлыда саңылау, сана жоқ.





Пікір жазу