МҮСІЛІМГЕ
Төле бидің түлегі Мүсілімім,
Төле баба секілді кісілігің.
Ер танылар кебенек ішінде де,
Саған жаннат қажет пе ішігіңнің.
Алла берген абырой арқасында
Жайылды Алашқа атың, Мүсілімім.
Мардамсып көсіп аяқ басқан жоқсың,
Арнаңнан асқан жоқсың, тасқан жоқсың.
Жұбатып жетім-жесір, кем-кетікті,
Қайырым жасаудан еш қашқан жоқсың.
Шексең да қанша зардап зұлымдардан,
Ер Мүкәм, кірпік қағып сасқан жоқсың.
Жетеді сәулетің де, дәулетің де,
Қадірің артық елге, әулетіңе.
Жібектен де жұмсақсың сыйласқанға,
Батыр тұлғаң лайық жау бетіне.
Елің үшін туылған азаматсың,
Қалқан болар ел үшін жел өтіне.
Кем емес Атымтайдан мырзалығың,
Білдіріп жатыр қауым ризалығын.
Бөленіп ағайындар алғысына,
Атақты ақындарға жыр жаздырдың.
Баласын адамзаттың алаламай,
Жаныңның тосып жүрсін нұр жалынын.
Орандың жетпіс жастың желегіне,
Бір Алла мейіріміне бөледі де.
Дос-жаран, туыс-бауыр қасында жүр,
Бақыттың бұдан артық керегі не?
Олжас өлең арнаса, мен де арнадым,
Өр тұлғаң өрнек болып өлеңіме.