06.06.2022
  95


Автор: Жарылқасын Аманұлы

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВҚА

Домбыраңды әкелсем шертесің бе, бауырым,
Жүрегің мұз, тәнің күз, ертесің бе, бауырым.
Жырыңменен жұбатып әлдилеуші ең әлемді,
Қалай сыйып жатырсың жер төсіне, бауырым.
Қалай сыйып жатырсың жер төсіне, бауырым,
Ажалды да алдыңа бас идіріп кетіпсің,
Ғұмырыңның өкінбей келтесіне, бауырым.
Жарты бақыт жартылай уайыммен, бауырым,
Қоштастың-ау тым ерте Күн, Айыңмен, бауырым.
Қабыл болса тілегі тірілердің, өзіңді
Қара жерден қайтар деп сұрайын мен, бауырым.
Қара жерден қайтар деп сұрайыншы, бауырым.
Керек болса домбыраң алып келіп қосылып,
Қорқыт болып басыңда жылайыншы, бауырым.





Пікір жазу