06.06.2022
142
ЖАҢА ЖЫЛДАН КҮТЕРІМ
Тыныштық күтем әлемге,
Дарқандық күтем даламнан.
Жақсылық күтем бар елге,
Ізгілік күтем адамнан.
Жаңалық күтем күн сайын,
Той-думан күтем дүбірлі.
Сәбилер күтем үй сайын,
Бақытты үбір-шүбірлі.
Адалдық күтем ақ қанат,
Махаббат күтем баянды.
Сән менен күтем салтанат,
Бау-бақтан күтем саяңды.
Енбектің күтем жемісін,
Ерліктің күтем еренін.
Шындықтың күтем жеңісін,
Ақылдың күтем тереңін.
Қуаныш күтем болмаған,
Татулық күтем баршаға.
Бақ құсын күтем қонбаған,
Қонбаған әлі қаншама.
Күтерім сенен көп менің,
Адамзат үшін әлемде.
Алдырмай жатқан өрт демін,
Ерлер мен елге сәлем де.