06.06.2022
  159


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ШАТТАНЫП БІРГЕ ШАЛҚЫҒАН

Шаттанып бірге шалқыған,
Келер ме қайтып дәурен-ай?
«Жаным» деп жаны балқыған,
Қай жерде жүрсің, сәулем-ай?
Айым боп туған аяулым,
Адасып қалдым мен сенен.
Сыздатып жанды қаяу мұң,
Қара орман болып теңселем
Адастым қалай мен сенен?
Адастым қалай, сәулем-ай?
Сағыныш сазды сарғайтып,
Өтті ғой жастық, дәурен-ай.
Назы мен сазы үндескен,
Назды да сазды дәурен-ай.
Жүрекпен ғана тілдескен,
Жүректей ыстық сәулем-ай.
Асып та тасып жүргенде,
Адастым сенен, асылым.
Жан едің нәзік гүлден де,
Жанымдай сүйген ғашығым,
Адастым қалай, асылым?
Адастым қалай, сәулем-ай?
Сағыныш жанды сарғайтып,
Өтті ғой жастық, дәурен-ай.





Пікір жазу