06.06.2022
118
ҚАНДАЙ АУЫР, ӘТТЕГЕН
Қандай ауыр,
Қандай дәуір, әттеген,
Арам болды-ау,
Адамдар да хақ деген.
Сонда Абай
Бетін жуып жаспенен,
Өзіне-өзі:
«Сап, сап, көңілім, сап» деген.
Қауымнан да,
Бауырдан да түңіліп.
Қара жерге,
Қара жер боп үңіліп.
Өксіп өтті-ау,
Қайран ақын өмірден,
Толқын ұрған,
Жар қабақтай үгіліп.
Қандай дәуір,
Қандай ауыр кез еді?...
Ойланбаған,
Бірақ нені сезеді?...
Тынысының тарлығынан
Заманның,
Ақылдының,
Өртеніпті-ау өзегі.
Алтау болып
Туса дағы атадан,
Азап шеккен
Жалғыздықтан, жападан.
Жақыны да,
Жау болыпты Абайға,
Зая кетіп,
Жақсылығы жасаған.
Қайран ақын!
Қайран дана, кемеңгер!
Мезгіл жетіп,
Қол үзіпті-ау сенен ел.
Күйінгеннен,
Күйінішті заманда
Жазыпсың-ау,
Өлмейтұғын өлеңдер.