06.06.2022
  153


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖАНБОТА, ОСЫ МА ЕДІ ӨЛГЕН ЖЕРІҢ

Көкшетау, келбетіңе тамсанамын,
Жабықсам – сен екенсің жан самалым.
Біржандай айтулы әншің болмасам да,
Ашынып мен де кейде ән саламын.
Біржанды халқы сүйген еркелетіп,
Қойған кім поштабайға желкелетіп?
Есерсоқ ел еркесін қорлар ма еді,
Жаны ашып Жанбота егер келсе жетіп.
Талатып төбеттерге жақсыларын,
Қазақтың жын ұрған ба басшыларын.
Кетеді аза бойым, қаза болып,
Естісем өткен күндер ащы зарын.
Тыңдаймын Біржан әнін жылап тұрып,
Болмапты бақытында тұрақтылық.
Пір тұтқан біздер Біржан домбырасын,
Тастапты бір ақымақ лақтырып.
Опасыз дүниеге күйінгенде,
Лапылдар тозақ оты үйіңнен де.
Кетіпті ел аралап Біржан ақын,
Безініп болыстан да, биіңнен де.
«Қойғын деп салдықты да, серілікті», –
Жиылып ессіз туыс еліріпті.
Елтіген сезіміне қайран ақын,
Жынды боп көздеріне көрініпті.
Кес-кестеп қайда барса жүрер жолын,
Шырмапты шырғалаңмен оңы, солын.
Дұшпанның сөзіне еріп елірген топ,
Тастапты байлап-матап аяқ-қолын.
Шеше алмай аяқ-қолын бунақтаған,
Өртеніп өр кеудеде тулапты арман.
Әнге салып ауық-ауық көз жасымен,
Таңдайын жібітіпті құрғап қалған.





Пікір жазу