06.06.2022
  136


Автор: Жарылқасын Аманұлы

КӨЗІМНЕН ҰШЫП КЕТСЕҢ ДЕ

Көзімнен ұшып кетсең де,
Көңіліме маза бермедің.
Ақ жауын болып төксем де,
Атырау болып шөлдедім.
Айқаспай кірпік таң атып,
Аңсаумен сені батты күн.
Қарайған жанды қарайтып,
Қай жерде жүрсің шаттығым?
Бұлақ боп кезіп тауларды,
Құрақ боп өстім жағада.
Сені іздеп шарлап бауларда,
Жар салдым жапан далада.
Іздедім сені кілең мен,
Үркітіп үміт құстарын.
Базарсыз бақтай түнерген,
Сайрамай сандуғаштарым.
Сапарлас болып сағыммен,
Сан астым сары белдерден.
Сусындап жаңбыр қағымен,
Із кестім шықсыз шөлдермен.
Еш жерден сені таба алмай,
Үзіліп сапар, саздарым.
Жапанда жалғыз маралдай,
Мерт болып кете жаздадым.





Пікір жазу