06.06.2022
  135


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АҚАНДАЙ СЕРІ ЖОҚ ПА?

Ақандай сері жоқ па ән салатұғын,
Ат жоқ па Құлагердей шабатұғын.
Құлагер десе қысып тақымымды,
Әнінен болдым ауру табатұғын.
Қанымда серілік от ойнап жайдай,
Ақанша Құлагар деп салдым ойбай.
Әкең жоқ ат баптайтын деп, ағайын,
Бестімді соғым үшін алдың қоймай.
Өсіппін ат құмар боп бала жастан,
Аз емес той-тамаша араласқан.
Сілкісе тақымдасқан күндерім-ай,
Үзілген тартпа бауға қарамастан.
Бұл күнде бір машина алып-алып,
Қармақ бау, қалбыр құрық салып алып.
Қыдырып қайтсам мәзбін көлдің басын,
Бес-алты сорпалыққа балық алып.
Деген бар: «Тұлпар – мыңнан, жүйрік – жүзден»,
Сал шығар, құла шығар, шыққан ізден.
Ақан сал, арманың жоқ, Құлагермен,
Әлі де жүрсің озып бәрімізден.





Пікір жазу