06.06.2022
  134


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БІРДЕЙ ЕМЕС БАРЛЫҚ БЕЙНЕ

Бірдей емес барлық бейне, мүсін де,
Бірдей емес екі қолда күшің де.
Бірдей емес бір сәттегі қозғалыс,
Бірдей емес бір сәттегі ісің де.
Сол секілді, айналайын жарандар,
Бірдей емес, бірдей емес адамдар.
Елдің бәрі болса ақылды, данышпан,
Қайдан шықты ақымақ пен надандар?
Бірдей емес, амал қанша, адамдар,
Арасында жақсы да бар, жаман бар.
Атымтайдай жомарт болса жан біткен,
Тумас еді Қарабайдай сараңдар.
Сол секілді бірдей емес тағы да,
Әр адамның пейілі де, бағы да.
Біреулері білегіне сиынса,
Сиынады бірі тіл мен жағына.
Сол секілді біреулер таң атырып,
Тебіренсе ой теңізін сапырып.
Біреулер жүр арақ ішіп, мас болып,
Өмірінің берекесін қашырып.





Пікір жазу